
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде судья кадрларын даярлау жүйесін жаңғыртуға арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шараға ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының басшылығы мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты: Академия ректоры Қанат Мусин, Азаматтық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының директоры Руслан Сұлтанов және профессор Ержан Егембердиев.
Спикерлер судьяларды даярлаудың қолданыстағы жүйесі, сот білімін жетілдірудің негізгі бағыттары, сот жүйесінің кадрлық әлеуетін дамыту перспективалары және жаңа қабылдау науқанының басталғаны туралы баяндады.
Сот төрелігі академиясы – судьялыққа кандидаттарды даярлау және судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру міндеттерін жүзеге асыратын ерекше мәртебесі бар еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны.
Биыл Академия өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Академия дамуының жаңа кезеңі 2024 жылы оның Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуінен басталды. Бұл білім беру процесін соттардың нақты қажеттіліктерімен тікелей байланыстыруға мүмкіндік берді.
2025 жылғы ақпанда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың өкімімен Академияны дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, оқу орны қызметінің барлық бағыттарын жаңғыртуға негіз қаланды.
Тұжырымдаманы іске асырудың қысқа мерзімінде жаңа оқу жоспарлары бекітілді. Ал 2025 жылғы 4 маусымда Академия «Құқық» бағыты бойынша докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыруға лицензия алып, PhD докторларын даярлауды бастады және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің толық циклін қамтамасыз етті. Сонымен қатар судьялыққа кандидаттарға арналған азаматтық және қылмыстық құқық бойынша қарқынды курстарды қамтитын референдиат институты енгізілді.
Академияның ерекшелігі – профессор-оқытушылар құрамының шамамен үштен екісін барлық сот сатыларының судьялары құрайды. Бұл білім беру бағдарламаларының практикалық бағытын күшейтіп, болашақ судьялардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
2025 жылы Академия мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкестігін растап, мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті. Сондай-ақ 2025 жылғы 10 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлігін алды. Ал «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» журналы ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді.
Оқу процесінің тиімділігін нақты көрсеткіштер де дәлелдейді: 2017–2025 жылдар аралығында Академияны 600-ден астам адам тәмамдады, олардың шамамен 80 пайызы бүгінде еліміздің сот жүйесінде қызмет етеді. Ал 2025 жылы түлектердің 96 пайызы біліктілік емтиханын сәтті тапсырды.
Инфрақұрылымды жаңарту және цифрландыру аясында Академияда криминалистикалық полигон ашылып, компьютерлік парк жаңартылды, оқу процесін басқарудың заманауи ақпараттық жүйесі енгізілді және электрондық сервистер кеңейтілді.
Баспасөз конференциясында магистратура мен докторантураға қабылдау науқанының басталуына ерекше назар аударылды. Құжат қабылдау 29 шілдеге дейін жалғасады.
Қазіргі модельдің маңызды ерекшелігі – судьялық кәсіпке қолжетімділіктің кеңеюі. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқу мүмкіндігі енді тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, белгіленген талаптарға сәйкес келетін барлық тәжірибелі заңгерлерге қолжетімді.
Бүгінде Академияға адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары, корпоративтік заңгерлер, жеке сот орындаушылары және заң қоғамдастығының басқа да өкілдері түсе алады. Бұл тәсіл судьялық кәсіпке тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сот жүйесінің кадрлық резервін кеңейтуге ықпал етеді.
Жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – жоғары кәсіби, білікті және тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру. Судья кадрларын сапалы даярлау сот төрелігінің тиімділігіне, сот шешімдерінің сапасына және азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейіне тікелей әсер етеді.
Сот төрелігі академиясын дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру Академияның судья кадрларын даярлайтын жетекші орталық, ғылыми-білім беру және сараптамалық алаң ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сот жүйесін кәсіби, құзыретті және тәуелсіз судьялардың жаңа буынымен қамтамасыз етуге жол ашады.