
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот КеңесініңТөрағасы Дмитрий Малахов бастаған делегация Өзбекстан Республикасында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің сот кеңестері төрағаларының Төртінші кездесуіне қатысты
Кездесуге ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің сот кеңестерінің басшылары қатысты.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Кеңес Төрағасы мемлекеттердің сот кеңестері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің, үздік тәжірибелермен алмасудың және кәсіби әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастырудың заманауи тәсілдерін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде ауқымды конституциялық реформа жүзеге асырылғанын, оның саяси жүйені жаңғырту мен демократиялық институттарды нығайтудың маңызды кезеңіне айналғанын айтты. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалардың басты бағыты – адамға бағдарлану қағидаты, ал басымдықтары – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, тәуелсіз әрі әділ сот билігін нығайту, сондай-ақ судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерінің ашықтығын арттыру.
Іс-шара аясында ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің сот кеңестері делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер барысында судьялар корпусын қалыптастырудың заманауи тәсілдері, судьялардың тәуелсіздігін нығайту, кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыру, сондай-ақ судья кадрларын даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің сот кеңестері төрағалары судья әдебі мәселелері жөніндегі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат судьяларды даярлау, іріктеу, оқыту және оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту кезеңдеріндегі өзара іс-қимылды дамытуға, сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға және үздік халықаралық тәжірибелермен алмасуға бағытталған.
Жоғары Сот Кеңесі халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Кеңес қызметіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.