
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы магистратураға құжат қабылдаудың басталғанын хабарлайды
Академия – Қазақстанның сот жүйесі үшін кадрлар даярлайтын ерекше мәртебесі бар еліміздегі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясындағы оқу мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, белгіленген талаптарға сәйкес келетін барлық азаматтарға қолжетімді.
Оқуға түсушілер келесі даярлау бағыттарының бірін таңдай алады:
– оқу мерзімі 2 жыл болатын ғылыми-педагогикалық бағыт;
– оқу мерзімі 1 жыл болатын бейіндік бағыт.
Айта кету керек, ғылыми-педагогикалық даярлау бағыты Академияда өткен жылдан бастап алғаш рет жүзеге асырылуда.
Оқуға түсушілерге келесі талаптар қойылады:
– жоғары заңгерлік білімінің болуы;
– заңгерлік мамандық бойынша кемінде 5 жыл еңбек өтілі;
– ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 28 жасқа, ал бейіндік бағыт бойынша 29 жасқа толуы.
Академиядағы білім беру үдерісінің басты ерекшеліктерінің бірі – тәжірибеге бағытталған оқыту жүйесі. Сабақтарды жетекші отандық ғалымдармен қатар, құқық қолдану саласында мол тәжірибесі бар судьялар жүргізеді.
Оқу барысында модельдік сот процестеріне, нақты сот істерін талдауға және сот төрелігін жүзеге асыруға қажетті практикалық дағдыларды дамытуға ерекше назар аударылады.
Оқудың негізгі артықшылықтары:
– мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар үшін мемлекеттік қызмет өтілінің сақталуы;
– мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық жалақы мөлшерінде шәкіртақы төленуі. Мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шәкіртақы төленеді;
– біліктілік емтиханын тікелей Академия базасында тапсыру мүмкіндігі;
– Академия түлектерін соттағы тағылымдамадан өтуден босату;
– өзге өңірден келген білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету.
Магистратураға құжат қабылдау 2026 жылғы 29 шілдеге дейін жалғасады. Бос орындар болған жағдайда құжаттарды қосымша қабылдау 2026 жылғы 25 қазан мен 20 қараша аралығында жүргізіледі.
Қажетті құжаттар тізбесі, оқуға түсушілерге қойылатын талаптар және қабылдау емтихандары туралы толық ақпаратты Сот төрелігі академиясының ресми сайтынан – sta.edu.kz, сондай-ақ қабылдау комиссиясының 8 (7172) 71-08-73 телефоны арқылы алуға болады.