
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Айгерім Бакенова Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Диссертация тақырыбы: «Әкімшілік өндіріс саласында жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып басқарушылық шешімдер қабылдау тетіктері».
Айгерім Бакенова — Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының түлегі.
Зерттеудің ғылыми жетекшісі — заң ғылымдарының докторы, профессор, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ернар Нұрланұлы Бегалиев.
Диссертациялық жұмыс пәнаралық сипатқа ие болып, мемлекеттік басқару, әкімшілік әділет және сот практикасы мәселелерін қамтиды.
Зерттеу аясында әкімшілік өндірісте жасанды интеллектті қолданудың теориялық негіздері, сондай-ақ сот процестерін оңтайландырудың практикалық тәсілдері қарастырылған. Оның ішінде істерді сот талқылауына дайындау мерзімдерін қысқарту және басқарушылық шешімдер қабылдау тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Жұмыс аясында заң саласында тәжірибелік қолдануға арналған LegalExpert сервисі әзірленді.
Қорғау барысында қазіргі заманғы сын-қатерлер әкімшілік өндірісті ұйымдастыруда жаңа тәсілдерді, соның ішінде талдамалық жұмыс пен құқық қолдану практикасында цифрлық шешімдерді пайдалануды талап ететіні атап өтілді.
Жоғары Сот Кеңесі судьялар қауымдастығының ғылыми әлеуеті мен кәсіби деңгейін дамытуға, ғылыми-зерттеу қызметімен белсенді айналысатын судьяларды қолдауға және ынталандыруға ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ құқықтық жүйенің цифрлық трансформациясы жағдайында судьялардың заманауи құзыреттерін дамыту мәселесіне айрықша назар аударылуда.