
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың судьяларына арналған кезекті біліктілікті арттыру курстары аяқталды.
Оқытуға еліміздің барлық өңірлерінен 30 судья қатысты.
Курс бағдарламасы судьялардың кәсіби және тұлғалық құзыреттерін дамытуға, сот әдебі қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Оқу барысында салық заңнамасын бұзуға байланысты әкімшілік органдар шешімдеріне шағымдану істерін қарау, сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту, мемлекеттік сатып алу саласындағы әкімшілік дауларды қарау, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен монополияға қарсы органның әкімшілік актілеріне шағымдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тыңдаушылар инвестициялық дауларды шешу, тұрғын үй заңнамасын бұзуға байланысты істерді қарау тәжірибесі және әкімшілік сот төрелігінің өзге де өзекті мәселелерін талқылады.
Біліктілікті арттыру курстары аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотында екі күндік практикум ұйымдастырылып, оның барысында қатысушылар сот практикасының өзекті мәселелерін талқылап, кәсіби тәжірибе алмасты.
Дәрістерді Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Жоғарғы Сот пен кассациялық соттардың судьялары, Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ әкімшілік сот төрелігі саласындағы отандық және халықаралық сарапшылар жүргізді.
Біліктілікті арттыру курсынан өткен судьялар оқытуды ұйымдастырудың жоғары кәсіби деңгейін атап өтіп, бағдарлама аясында өткізілген семинарлар мен дәрістер тақырыптарының үлкен қызығушылық тудырғанын жеткізді.
Оқу қорытындысы бойынша біліктілікті арттыру курсын сәтті аяқтаған барлық судьяларға сертификаттар табысталды.
Оқу барысында алынған білім мен практикалық дағдылар судьялардың кәсіби қызметін одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ еліміз бойынша заңнама нормаларын бірізді түсіндіру мен қолдануды қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтілуде.