
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов азаматтарды жеке қабылдады
Қабылдау барысында азаматтар сот актілерімен және судьялардың процессуалдық әрекеттерімен келіспеушіліктерін білдіріп, сондай-ақ сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Кеңес Төрағасы Жоғары Сот Кеңесінің құзыреті шегінде азаматтарға заңды күшіне енген және заңды күшіне енбеген сот актілеріне шағымдану тәртібі, сондай-ақ судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Дмитрий Малахов Жоғары Сот Кеңесі конституциялық орган ретінде соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру қызметіне араласуға құқылы еместігін ерекше атап өтті. Сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеру заңнамада белгіленген тәртіппен тек жоғары тұрған сот сатылары арқылы жүзеге асырылады.
Кеңес Төрағасының азаматтарды жеке қабылдауы алдын ала жазылу арқылы күн сайын жүргізіледі. Бұл азаматтармен ашық әрі тұрақты диалог орнатуға, олардың өтініштеріне жедел ден қоюға және сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Азаматтар жеке қабылдауға облыстық соттардың бейнеконференцбайланысы арқылы қашықтан да, сондай-ақ тікелей Жоғары Сот Кеңесінің ғимаратында да қатыса алады. Мұндай формат өңірге қарамастан азаматтардың жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз етіп, Кеңеспен өзара іс-қимылды барынша қолжетімді әрі тиімді етеді.