Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова 24 KZ телеарнасындағы «Prime Time» бағдарламасына қатысты

Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова 24 KZ телеарнасындағы «Prime Time» бағдарламасына қатысты

Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова 24 KZ телеарнасындағы «Prime Time» бағдарламасына қатысты.

Эфир барысында ол судья кадрларының жай-күйі туралы Ұлттық баяндама негізінде 2025 жылдың негізгі қорытындыларын таныстырды.

Атап өтілгендей, баяндама судья кадрларын қалыптастыру жүйесінің кешенді трансформациясын көрсетеді. Оның ішінде кадр саясатын дамыту, іріктеу тетіктерін жетілдіру және институционалдық өзгерістер қамтылған.

Маңызды кезеңдердің бірі – кассациялық соттарды құру. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астана қаласында үш өңіраралық кассациялық сот жұмысын бастады. Бұл судьяларды іріктеу мен тағайындаудың заманауи тәсілдерін енгізуді талап етті.

Спикердің айтуынша, бүгінде Жоғары Сот Кеңесі судья кадрларын басқарудың бірыңғай орталығына айналып, олардың даярлануын, іріктелуін және кәсіби дамуын жүйелі түрде қамтамасыз етіп келеді. Жыл қорытындысы бойынша кадр тапшылығын тұрақтандырып қана қоймай, бос лауазымдарды кезең-кезеңімен қысқарту кезеңіне көшуге мүмкіндік берілді.

2025 жылы 151 жаңа судья тағайындалды. Нәтижесінде кадрлармен қамтылу деңгейі 97,5 пайыздан 131,3 пайызға дейін артты. Сонымен қатар, соңғы бес жылда алғаш рет 64 ваканттық лауазым толық жабылды.

Жоғары талаптар сақталған жағдайда біліктілік емтиханының тиімділігі артты: үміткерлердің 24,5 пайызы ғана сәтті өтті. Бұл іріктеу талаптарының жоғары әрі объективті екенін көрсетеді. Сонымен бірге, аудандық соттарға ұсынылған кандидаттар арасында жұмыс істеп жүрген судьялардың үлесі 31 пайыздан 14 пайызға дейін төмендеді, бұл жаңа мамандардың келуін білдіреді.

Бағдарлама барысында іріктеу және тағайындау мәселелерімен қатар судьялардың тәртіптік жауапкершілігі тақырыбы да қозғалды. Судья кадрларын дамытуда кәсіби этика мен жауапкершіліктің жоғары стандарттарын сақтау маңызды екені атап өтілді.

Спикердің айтуынша, 2026 жылға арналған негізгі басымдық – кадрлық үдерістерді одан әрі цифрландыру. Бұл рәсімдердің ашықтығын арттыруға, объективтілігін қамтамасыз етуге және шешім қабылдау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, бағдарлама барысында Жанат Оспанова судья кадрларын дамытудағы негізгі нәтижелерді, сондай-ақ іріктеу жүйесін жетілдіру және судьялардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы шараларды баяндады.