
Жоғары Сот Кеңесі 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы судьялар корпусының жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы жариялады.
Баяндамада Жоғары Сот Кеңесі жүзеге асырып отырған кадрлық саясаттың нәтижелері көрініс тауып, судьялар корпусының саны, құрылымы, гендерлік және жас ерекшеліктері, кадрмен қамтамасыз етілу деңгейі, сондай-ақ судьяларды іріктеу, даярлау және мансаптық ілгерілету тетіктері бойынша кеңейтілген талдау ұсынылған.
Судьялар лауазымдарындағы бос орындарды жедел толықтыру мақсатында конкурстардың жыл сайынғы саны үш есеге арттырылып, оларды өткізу мерзімі алты айдан екі айға дейін қысқартылды.
Біліктілік емтиханын ұйымдастыру түбегейлі қайта қаралды, оның ішінде судья лауазымына алғаш рет үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді.
2018 жылдан бері алғаш рет судья лауазымына арналған біліктілік емтиханының тест сұрақтары базасы толық жаңартылды. Сұрақтардың жалпы саны 300-ден 1000-ға дейін ұлғайтылып, олар кездейсоқ тәртіппен ұсынылады. Бұл кандидаттардың неғұрлым терең әрі жан-жақты дайындалуын талап етеді.
Біліктілік емтиханының өткізілу жиілігі үш есеге - жылына 4-тен 12 ретке дейін - арттырылды. Біліктілік комиссиясының отырыстары ай сайынғыдан апта сайынғы форматқа ауыстырылды. Нәтижесінде емтиханнан өту мерзімі бір жарым жылдан 3 айға дейін қысқартылды.
Кеңестің заңгерлік қауымдастықпен тікелей өзара іс-қимылының нәтижесінде кандидаттар пулы едәуір кеңейтілді. Осы мақсатта адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары және заң консультанттары үшін 40-тан астам семинар өткізіліп, 13 мыңнан астам маман қамтылды. Соның нәтижесінде алғаш рет соңғы 5 жылда конкурстардағы кандидаттар саны жарияланған бос орындар санынан асты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша судьялардың табиғи кемуіне және жаңа кассациялық соттардың құрылуына қарамастан, Жоғары Сот Кеңесі бос судьялық орындардың өсу үрдісін тоқтатып, кадрлық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша судьялар санының өсімі 130%-дан асты.
Сонымен қатар «ұзақ уақыт бос тұрған вакансиялар» мәселесі шешілді – соңғы 5 жыл бойы үміткерлердің болмауына байланысты толтырылмаған, оның ішінде шалғай соттардағы 64 судьялық лауазым алғаш рет толықтырылды.
Кадр резерві институтының қызметі толық қайта қаралып, ол тиімді жұмыс істейтін тетікке айналды. Егер алдыңғы жылдары жоғары тұрған және басшылық лауазымдарға кадр резервінен бар болғаны 9 судья тағайындалса, 2025 жылдың өзінде 47 судья жоғары тұрған және басшылық лауазымдарға, оның ішінде кассациялық соттарға тағайындалды. Бұл судьялардың мансаптық ілгерілеуінде меритократия қағидатын қамтамасыз етеді.
Осылайша, 2025 жыл сот қауымдастығының кадрлық жүйесі үшін бетбұрыс кезеңі болды: Жоғары Сот Кеңесі қабылдаған шаралардың нәтижесінде кадр тапшылығын тежеуден оны жүйелі түрде қысқартуға және тұрақты кандидаттар ағынын қалыптастыруға көшу қамтамасыз етілді.