
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында Астана халықаралық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Исидор Шамилович Борчашвилидің қонақ дәрісі өтті.
Дәріс «Қылмыстылықты жоққа шығаратын мән-жайлар» тақырыбына арналды.
Өз сөзінде профессор қылмыстылықты жоққа шығаратын мән-жайлардың теориялық негіздерін түсіндіріп, оларды қолданудың құқықтық негіздері мен тәртібін жан-жақты баяндады. Сонымен қатар Конституциялық реформа жөніндегі комиссиядағы жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, жаңа Конституция жобасын әзірлеу тәсілдері және талқыланып жатқан құқықтық жаңашылдықтар туралы айтып өтті. Сот тәжірибесінен нақты мысалдар келтірілді.
Магистранттар талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Бұл мазмұнды әрі кәсіби пікір алмасуға жол ашты.
Жоғары Сот Кеңесі Сот төрелігі академиясының білім беру үдерісіне жетекші ғалымдар мен тәжірибелі мамандарды тартуға ерекше мән береді. Бұл болашақ судьяларды даярлау барысында теория мен практиканың өзара байланысын нығайтуға ықпал етеді.