
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова Ташкент қаласында өткен «Сот төрелігін жүзеге асырудағы әйел судьялардың рөлі» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Іс-шара Өзбекстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленген 10 наурыз — Әйел судьялардың халықаралық күніне орай өткізілді.
Конференцияға Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің сот жүйесінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Бірінші сессия аясында Салтанат Жүніспекова Қазақстанның сот жүйесінде гендерлік теңгерімді қамтамасыз етудің институционалдық тетіктері туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде бүгінде әйелдер елдегі судьялар корпусының жартысынан астамын құрайтынын атап өтті. Бұл — тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі.
Сонымен қатар Жоғары Сот Кеңесінің кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды. Судьяларды іріктеу меритократия қағидаттары, ашық конкурстық рәсімдер және кандидаттардың кәсіби әрі этикалық қасиеттерін объективті бағалау негізінде жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Қазақстанның ұсынылған тәжірибесі конференция қатысушыларының қызығушылығын тудырып, халықаралық тәжірибе алмасу аясында кәсіби талқылау нысанына айналды.
Жоғары Сот Кеңесі шетелдік серіктестермен халықаралық ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып келеді. Бұл үздік тәжірибелер алмасуға және судьялар корпусын қалыптастырудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.