
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында өткен көшпелі дәріске қатысты.
Кездесу барысында магистранттар «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 50-бабы 4-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау жөніндегі Конституциялық Соттың ашық отырысына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара аясында магистранттарға конституциялық бақылаудың ерекшеліктері, сондай-ақ жалпы юрисдикция соттарының Конституциялық Сотпен өзара іс-қимыл тетіктері түсіндірілді.
Атап өтілгендей, Конституцияның 78-бабына сәйкес, егер сот қолданылуға тиіс заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституцияда бекітілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейді деген қорытындыға келсе, ол іс жүргізуді тоқтата тұрып, мұндай актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті.
Мұндай көшпелі дәрістер практикалық бағыттағы білім беруді дамытуға бағытталған және магистранттарға конституциялық сот төрелігінің тетіктерімен тәжірибе жүзінде танысуға мүмкіндік береді.
Осындай білім беру форматтарын ұйымдастыру Жоғары Сот Кеңесінің судья кадрларын даярлаудың заманауи жүйесін дамыту жөніндегі жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Магистранттардың сот төрелігінің негізгі институттарының қызметімен танысуы болашақ судьялардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға және сот төрелігін жүзеге асырудың конституциялық негіздерін нығайтуға ықпал етеді.