Жоғары Сот Кеңесі кассациялық соттарға жекелеген құқық салалары бойынша мамандардың конкурсқа қатысу тәртібін түсіндірді.
Іс-шара кәсіби қоғамдастықты жер, салық және қаржы құқығы салаларындағы мамандар үшін кассациялық соттар судьяларының 3 бос лауазымына жарияланған конкурсқа қатысу шарттары мен тәртібі туралы хабардар ету мақсатында өткізілді.
Семинарға құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері, адвокаттар және заңгерлік қауымдастық өкілдері қатысты. Кездесу барысында конкурстың негізгі кезеңдері, кандидаттарға қойылатын талаптар және құжаттарды тапсыру тәртібі жан-жақты түсіндіріліп, келіп түскен сұрақтарға жауап берілді.
Еске сала кетейік, сот жүйесінің қажеттіліктерін ескере отырып, Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 16 ақпанында жер, салық және қаржы құқығы салаларындағы мамандар үшін кассациялық соттар судьяларының 3 бос лауазымына алғаш рет конкурс жарияланды.
Конкурс судья болуға ниетті және өз кәсіби білімін сот жүйесінде қолданғысы келетін тұлғаларға арналған. Ол жұмыс істеп жүрген судьяларға қолданылмайды.
Өтініштер мен қажетті құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 2 наурызды қоса алғанда жүзеге асырылады.
Толық ақпарат Жоғары Сот Кеңесінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған