
«Сот төрелігі академиясының хабаршысы» журналы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілген.
Басылым Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы тарапынан шығарылады және заң ғылымы саласындағы рецензияланатын ғылыми мерзімді журнал болып табылады. Журналдың дамуы Жоғары Сот Кеңесінің жүйелі қолдауымен жүзеге асырылып, судья кадрларын даярлаудың ғылыми құрамдасын нығайтуға бағытталған.
Журнал уәкілетті мемлекеттік органда тіркелген және жылына төрт рет жарық көреді. Электрондық нұсқасы Академияның ресми сайтында орналастырылады.
Жариялауға бұрын еш жерде жарияланбаған, заң ғылымының тақырыптарына сәйкес келетін түпнұсқа ғылыми мақалалар қабылданады. Материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылады.
Барлық мақалалар міндетті түрде екі жақты жасырын рецензиялаудан өтеді және академиялық адалдық қағидаларын сақтау тұрғысынан, оның ішінде түпнұсқалыққа тексеріледі. Журналдың жарияланымдық этикасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Материалдарды қабылдау және қарау үдерісі Open Journal Systems электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылады, бұл рәсімдердің ашықтығын, қараудың объективтілігін және барлық авторлар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етеді.
Әрбір жарияланған мақалаға халықаралық цифрлық DOI идентификаторы беріледі, бұл дұрыс дәйексөз келтіруге, ғылыми сәйкестендіруге және жарияланымдарды халықаралық академиялық кеңістікке енгізуге мүмкіндік береді.
Мақалаларды рәсімдеуге қойылатын толық талаптар мен материалдарды тапсыру тәртібі Сот төрелігі академиясының ресми сайтында орналастырылған.
Редакция ғалымдарды, практиктерді және судьялар қауымдастығы өкілдерін ынтымақтастыққа шақырады және авторлардың Қазақстандағы заң ғылымын дамытуға қосатын үлесіне әрқашан қуанышты.