
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы базасында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың судьяларына арналған біліктілікті арттыру курстары аяқталды.
Оқыту екі кезеңде — онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен келген аудандық соттардың отызға жуық судьясы қатысты.
Дәріскерлер ретінде Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі мүшелері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен облыстық соттардың судьялары, Академияның профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ құқық саласындағы жетекші отандық сарапшылар қатысты.
Бағдарлама судьялардың кәсіби және тұлғалық құзыреттерін дамытуға, сот әдебі қағидаттарын нығайтуға және сот төрелігін жүзеге асырудағы жауапкершілікті арттыруға бағытталды.
Ерекше назар сот процесін тиімді ұйымдастыру мәселелеріне, қылмыстық істерді қарау дағдыларын жетілдіруге және сот қызметіне заманауи тәсілдерді енгізуге аударылды.
Оқыту барысында тыңдаушылар ұлттық заңнамадағы жаңашылдықтарды, халықаралық құқықтың өзекті үрдістерін және сот практикасының қазіргі бағыттарын қарастырды.
Жекелеген блок Республика аумағында соттардың заңнама нормаларын біркелкі түсіндіруі мен қолдануын қамтамасыз етуге арналды. Бұл құқықтық айқындықты нығайтудың және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттырудың маңызды факторы болып табылады.
Сот төрелігі академиясы базасында судьялар үшін біліктілікті арттыру курстарының өткізілуі Жоғары Сот Кеңесінің судья кадрларын даярлау жүйесін дамытудағы маңызды кезең болып табылады. Ол судьялар корпусының кәсіби деңгейін одан әрі нығайтуға және біркелкі сот практикасын қалыптастыруға бағытталған.