
Жоғары Сот Кеңесінде конституциялық реформалар мен Конституциялық комиссияның қызметіне арналған аппараттық кеңес өтті.
Отырысқа Кеңес мүшелері, Кеңес аппаратының және Сот төрелігі академиясының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда жариялаған ауқымды конституциялық реформаның негізгі ережелері, сондай-ақ Конституциялық комиссияның қарауындағы мәселелер талқыланды.
Отырыс барысында сөз сөйлеген Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов Президент бастамалары елдің конституциялық құрылымында терең өзгерістерді көздейтінін және барлық мемлекеттік институттар тарапынан жауапты әрі кәсіби көзқарасты талап ететінін атап өтті.
Реформаның жүйелі сипатына, Комиссия жұмысының ашықтығы мен жариялылығына ерекше назар аударылды. Бұл қағидаттар азаматтарға үдерісті қадағалауға және талқылауларға тікелей қатысуға мүмкіндік береді.
Кеңес ұжымы жүргізіліп жатқан реформаларға толық қолдау білдіріп, олардың жүйелі әрі байыпты түрде іске асырылуының маңыздылығын атап өтті.
Еске сала кетейік, 21 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия құрылып, оның төрағасы болып Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова тағайындалды.