
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын өткізеді.
Аталған курстар судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ заңнаманы біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында барлығы 11 курс өткізу жоспарланған, оның ішінде 8 курс жергілікті соттардың судьяларына, 3 курс сот жүйесі кадрларына арналған.
Оқытудың практикалық маңызын арттыру мақсатында дәріс беруге Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Жоғарғы және кассациялық соттардың судьялары, сондай-ақ жоғары білікті халықаралық сарапшылар тартылады. Мұндай тәсіл заманауи оқыту әдістерін нақты сот тәжірибесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
2026 жылы алғашқы болып сот әкімшілері — мамандар оқытудан өтеді: 45 адамға арналған курс 26 қаңтарда басталады.
Сот төрелігі академиясы Жоғары Сот Кеңесінің басшылығымен судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыруда.