
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтті.
Отырыс барысында судьяларға қатысты 2 тәртіптік материал қаралды.
Қарау нәтижесінде бір судья сот ісін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оған сөгіс түріндегі жаза қолданылды. Тағы бір судья судьялық әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оған ескерту түріндегі жаза қолданылды.
Тағы екі судьяға қатысты тәртіптік материалдарды қарау кейінге қалдырылды.
Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ, себебі судья тәртіптік жазаға шағымдану құқығын пайдаланып, Жоғары Сот Кеңесіне жүгінуге құқылы.
Судьяларға қатысты тәртіптік рәсім заңдылық пен кәсіби әдепті сақтауға, сондай-ақ судьяларды ықтимал қысымнан қорғауға және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен Сот жюриінің жұмысы қайта ұйымдастырылып, тәртіптік рәсімдердің ашықтығы күшейтілді. Адал судьяларды сот басшылығы тарапынан болуы мүмкін қысымнан қорғау тетіктері нығайтылды. Мұндай тәсіл судьялардың тәуелсіздігін арттырып, олардың конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік береді және тәртіптік материалдарды қарау жүйесіне деген сенімді арттырады.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі әрбір материалды объективті және бейтарап қарауды, тәртіптік шараларды әділ қолдануды және судьялардың конституциялық құқықтарын толық көлемде қорғауды қамтамасыз етеді.