
Судьялардың кәсіби кадр резервін қалыптастыру - Жоғары Сот Кеңесі қызметіндегі негізгі басым бағыттардың бірі.
2025 жылдан бастап Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша жоғары тұрған және басшылық судья лауазымдарына арналған кадр резервін қалыптастыру тәртібі елеулі түрде қайта қаралды.
Нәтижесінде іріктеу үдерісі жедел, ашық және судьялардың нақты кәсіби әрі басқарушылық қасиеттеріне бағытталады.
Бұрын іріктеу екі жылға дейін созылуы мүмкін болса, бүгінде кандидаттарға қойылатын талаптарды жеңілдетпей, жылына кемінде екі рет өткізіп, бірнеше айдың ішінде аяқталады.
Мерзімдердің қысқаруы келесідей шаралар есебінен қамтамасыз етілді:
- бағалаудың нақты әрі өлшенетін критерийлерін енгізу;
- рәсімдерді оңтайландыру және қайталанатын кезеңдерді алып тастау;
- материалдарды Кадр резерві жөніндегі комиссияның параллельді қарауы;
- ақпаратты орталықтандырылған түрде жинау және цифрлық құралдарды пайдалану.
Өзгерістердің арқасында кадр резерві мансаптық өсудің және судьялар корпусын жоспарлы түрде жаңартудың нақты жұмыс істейтін тетігіне айналды. Оған сот төрелігін жүзеге асыру сапасының жоғары көрсеткіштеріне, мінсіз беделге және басқарушылық әлеуетке ие ең даяр әрі тәжірибелі судьялар енгізіледі.
Ағымдағы жылы кадрлық резервке жоғары кәсіби және этикалық стандарттарға толық сай келетін 38 судья іріктелді.
Кадр резервінде тұрған судьялар жоғары тұрған және басшылық судья лауазымдарына конкурс арқылы іріктеу кезінде басым құқыққа ие, бұл кәсіби кадрлардың әлеуетін барынша тиімді пайдалануға және олардың объективті әрі уақтылы қызметтік ілгерілеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде 2025 жыл ішінде кадр резервінен жоғары тұрған және басшылық судья лауазымдарына 47 судья тағайындалып және ұсынылды, бұл алдыңғы екі жылды қоса алғандағы көрсеткіштен 5 есе көп.
Жоғары Сот Кеңесі кадр резерві институтын дамыту және мансаптық өсудің тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмысты дәйекті түрде жалғастырып, қоғам мүддесі үшін жоғары кәсіби стандарттарды және сот корпусын тұрақты жаңартуды қамтамасыз етуде.