
Сот төрелігі академиясында судьялыққа кандидаттарға арналған қарқынды құқықтық тренинг іске қосылды.
Курстар Жоғары Сот Кеңесінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Сот әкімшілігі , Сот төрелігі академиясы және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен бірлесіп өткізіледі.
Тренингке 100-ден астам қатысушы қатысуда, бұл судья лауазымына іріктеу барысында ең даяр әрі бәсекеге қабілетті кандидаттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Тренингтің мақсаты — судьялыққа кандидаттарды даярлау сапасын арттыру, құқықтық талдау, дәлелдеу және сот құжаттарын жасау бойынша практикалық дағдыларды дамыту, сондай-ақ біліктілік емтиханының барлық кезеңдеріне — компьютерлік тестілеуден бастап Кеңес жанындағы Біліктілік комиссиясы мүшелерімен әңгімелесуге дейін — кешенді түрде дайындық жүргізу.
Іс-шараны ұйымдастырушылар біліктілік емтиханы кандидаттың кәсіби жолындағы білім деңгейін бағалаумен ғана шектелмей, судьялық өкілеттіктерді жүзеге асыруға кәсіби көзқарас қалыптастыруға бағытталған шешуші кезең екенін атап өтті. Тренинг бағдарламасы жауапкершілікті, сыни ойлауды және тәуелсіздік пен әділдік қағидаттарын терең түсінуді дамытуға бағытталған.
Офлайн кезең аясында қатысушылар сынамалық тестілеуден өтіп, Жоғары Сот Кеңесі, оның Аппараты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты және Сот төрелігі академиясының профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері қатысқан практикалық дәрістерге қатысты.
Қарқынды құқықтық тренинг Жоғары Сот Кеңесінің кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.