
Сот төрелігі академиясы 2016 жылы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орны ретінде құрылды. Бүгінде ол Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанынан құрылған, судья кадрларын даярлаудың негізгі институттарының бірі болып табылады.
Академиядағы білім беру үдерісі практикаға және сот жүйесінің нақты талаптарына бағытталған. Магистранттар сот істерімен жұмыс істейді, сот шешімдерін талдайды, процестік құжаттарды әзірлейді, модельдік сот процестеріне қатысады және соттарда тәжірибеден өтеді.
Кадрларды даярлау «судьяларды судьялар оқытады» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Оқыту процесіне қызметтегі судьялар, отставкадағы судьялар, жетекші заңгер-ғалымдар тартылады, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі мүшелерінің қатысуымен қонақ дәрістер өткізіледі.
Сот төрелігі академиясы судьяларды іріктеу және даярлау жүйесінде маңызды рөл атқарып, кәсіби, білікті және тәуелсіз судья корпусын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Жоғары Сот Кеңесінің басшылығымен Сот төрелігі академиясы заманауи білім беру және ғылыми орталық ретінде жүйелі түрде дамып, оқу бағдарламаларын жетілдіру және сот төрелігінің кәсіби стандарттарын нығайту бағытында жұмыс жүргізуде.