
Астанада Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің 10 жылдығына арналған Түркі сот-құқықтық даярлық желісінің Халықаралық форумының екінші күні өз жұмысын қорытындылады.
Екінші күннің бағдарламасы судьяларды даярлаудың практикалық аспектілеріне, іріктеу тетіктерін жетілдіруге және түркі елдеріндегі судья кадрларының біліктілігін арттыруға арналды.
Қатысушылар алғашқы күнгі талқылауларды жалғастырып, заманауи оқыту әдістеріне, цифрлық құралдарды енгізуге және сот білімін дамытудағы бірізді тәсілдерді қалыптастыруға баса назар аударды.
Ерекше назар Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың пікіріне аударылды. Ол өз сөзінде:
«10 жыл ішінде Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктеудің ашық әрі объективті тетіктерін қалыптастырды, заманауи сот білім беру бағдарламаларын енгізді. Бұл судья кадрларының кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Түркі желісі аясындағы тиімді тәжірибе алмасу бізге алға жылжуға және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге жағдай жасайды», — деп атап өтті.
Екінші күнгі сессияларда сарапшылар Қазақстанның судьяларды іріктеу, біліктілік талаптарын арттыру және кәсіби қасиеттерді бағалаудың нақты критерийлерін енгізу бағытындағы тәжірибесі Түркі желісіне мүше елдер үшін сұранысқа ие екенін атап өтті.
Қатысушылар білім беру стандарттарын дамытуға, сот институттарына деген сенімді нығайтуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды жалғастыруға дайын екенін растады.
Анықтама: Түркі сот-құқықтық даярлық желісі 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің судьяларды даярлауға жауапты білім беру ұйымдары арасында жасалған Өзара түсіністік туралы Меморандум негізінде құрылған. Қазақстан желіге Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының қатысуымен төрағалық етеді.