
«Юридическая газета» басылымында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың «Судья кадрларының кәсібилігіне жүйелі көзқарас» тақырыбындағы сұхбаты жарияланды.
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясы – еліміздегі сот білімін беретін жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны ретінде судьяларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру үдерістерін жүйелі түрде жаңғыртуды жалғастырып келеді.
Сұхбатта Дмитрий Малахов Академияның бүгінде жай оқу орны емес, жаңа буын судьяларын даярлайтын зияткерлік орталық екенін атап өтті. Академия кәсіби оқыту, ғылыми зерттеулер және сот жүйесіне аналитикалық қолдау көрсету функцияларын біріктіреді.
Кеңес Төрағасының айтуынша, қоғамның демократиялануы, цифрлық трансформация және құқықтық реформаның тереңдеуі жағдайында Академия стратегиялық миссия атқарады – ол заңды терең меңгерген, жүйелі ойлайтын, тәуелсіз және жоғары этикалық ұстанымы бар судьяларды қалыптастырады. Осындай қасиеттер ғана сот билігіне деген қоғамдық сенімнің негізін қалайды.
Дмитрий Малахов сот жүйесін цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталып, оны ашықтық пен тиімділікті арттырудың негізгі факторы деп атады. Жоғары Сот Кеңесінің қолдауымен Академия жасанды интеллект, цифрлық этика, электрондық дәлелдемелер және киберқауіпсіздікке арналған заманауи оқу модульдерін енгізуде. Бұл болашақ судьялардың цифрлық құқықтық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі сот білімін дамытудың стратегиялық үйлестірушісі екені атап өтілді. Кеңес кадр саясатын айқындап, судьяларды даярлау стандарттарын белгілейді, білім беру сапасын бақылайды және Академияның ғылыми-зерттеу қызметін қолдайды