
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары Әзербайжан Республикасы Әділет министрлігінің Әділет академиясында екі апталық тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдама Сот төрелігі академиясының оқу жоспары мен тәжірибелік-ізденіс жұмыстары аясында ұйымдастырылған. Негізгі мақсат — магистрлік жобаларды әзірлеу үшін қажетті деректерді жинау және салыстырмалы талдау жүргізу.
Оқыту Әзербайжан Республикасының Жоғарғы Сотының судьялары, аудандық және апелляциялық сот судьялары, Әділет академиясының профессор-оқытушылар құрамы, ADA университеті мен Баку мемлекеттік университетінің оқытушылары, сондай-ақ адвокаттар алқасының өкілдерінің қатысуымен өтуде.
Бағдарлама құқықтың негізгі салалары азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, еңбек, отбасылық, азаматтық іс жүргізу және қылмыстық іс жүргізу құқығын қамтиды.
Тағылымдама Қазақстанның Сот төрелігі академиясы мен Әзербайжанның Әділет академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында жүзеге асырылуда. Бұл құжат тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Алынған білім мен дағдылар болашақ сот кадрларының кәсіби даярлығын арттыруға септігін тигізеді.
Жоғары Сот Кеңесінің басшылығымен Сот төрелігі академиясы халықаралық ынтымақтастықты дамытып, шетелдік оқу және сот органдарымен серіктестік байланыстарды кеңейтіп, болашақ судьяларды даярлау ісіне озық тәжірибелерді енгізуде.