
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында тергеу судьяларына арналған онлайн біліктілікті арттыру курстары жалғасуда
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында еліміздің барлық өңірлерінен келген мамандандырылған тергеу соттарының судьяларына арналған екі апталық онлайн біліктілікті арттыру курстары өтіп жатыр.
Дәрістерді Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық соттардың судьялары, Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ халықаралық және ұлттық ұйымдардың сарапшылары жүргізеді.
Курстың бағдарламасында бұлтартпау шараларына санкция беру практикасының өзекті мәселелері, оларды ұзарту тәртібі, тергеу іс-әрекеттеріне санкция беру, тергеу судьясымен айғақтарды сақтау, сондай-ақ анықтау органдарының, тергеуші мен прокурордың іс-әрекеттеріне шағымданудың сот тәртібін қамтитын сұрақтар қарастырылған.
Тергеу материалдарын қарауға маманданған судьяларды даярлау бағдарламасына алғаш рет бірқатар жаңа әрі шын мәнінде өзекті тақырыптар енгізілді. Олардың қатарында цифрлық активтер мен криптовалютаның айналымына қатысты істерді тергеу кезінде блокчейн-аналитиканың негіздерін оқыту, сондай-ақ сот ісін жүргізуде және сот-медициналық зерттеулерді тағайындауда жасанды интеллектті қолдану мәселелері бар.
Бұдан бөлек, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Д. Малаховтың тапсырмасын іске асыру мақсатында бағдарламаға «Сот жюриінің тәртіптік тәжірибесі» туралы теориялық блок енгізілді. Оның оқытылуы судьялардың кәсіби жауапкершілігін арттыруға, этикалық стандарттарды күшейтуге және тергеу судьяларының жұмысында бірыңғай көзқарастар қалыптастыруға бағытталған.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылардың білімдерін жүйелеу және тереңдету күтіледі, бұл ел бойынша заңнаманы бірізді түсіндіру мен қолдануға ықпал етеді.