
«24KZ» телеарнасының «Заң бойынша» бағдарламасының кезекті шығарылымы судьялардың тәртіптік жауапкершілігі мен Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің қызметіне арналды.
Сондай-ақ, бағдарламада судьялар корпусын айқын әрі тиімді етуге бағытталған Кеңес жұмысының негізгі бағыттары талқыланды.
Бағдарламада Сот жюриінің судьялардың кәсіби жауапкершілігін қамтамасыз етудегі рөлі жеке қарастырылды.
Сот жюриі — судьялардың тәуелсіздігін және оларды негізсіз ықпалдан қорғауды қамтамасыз ететін дербес институт. Жюри барлық сот сатыларының судьяларына қатысты тәртіптік істер мен материалдарды қарайды, негіз болған жағдайда тәртіптік жауапкершілікке тартады, рәсімдердің әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етеді. Бұл судьялар корпусының тәуелсіздігіне кепілдіктерді күшейтіп, сот жүйесіне деген сенімді арттырады.
Судьяларды іріктеу үдерісіндегі өзгерістер талқыланды.Кеңес кандидаттарды бағалау тәсілдерін жаңартты, талаптарды күшейтті, объективті және ашық бағалау критерийлерін енгізді. Біліктілік емтихандары мен конкурс кезеңдерінің жиілігі артты, бұл судьялық бос орындарды жедел әрі сапалы толтыруға мүмкіндік береді.
Судьяларды іріктеудің жаңа ақпараттық жүйесі әзірленуде.Бұл жүйе болашақта кандидаттарға конкурс кезеңдерінің барлығын онлайн өтуге, жеке кабинетте нәтижелерді қадағалауға және негізгі этаптар бойынша хабарламалар алуға мүмкіндік береді. Автоматтандыру және жасанды интеллект элементтері адами факторды барынша азайтып, барлық қатысушылар үшін тең жағдай қалыптастырады.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен судьялардың тәуелсіздігін нығайту, тәртіптік рәсімдердің ашықтығын арттыру және судьялық кадрларды іріктеудің заманауи әрі тиімді үдерісін құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.