
Референдиаттарға арналған онлайн-курс: судья лауазымына кандидаттарды даярлау циклі аяқталды
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы базасында «Әкімшілік-деликтік құқық және процесс, әкімшілік рәсімдік-процестік құқық нормаларын қолданудың теориялық және практикалық аспектілері» тақырыбында референдиаттарға арналған онлайн-курстың үшінші кезеңі өтті.
Бұл курс азаматтық, қылмыстық және әкімшілік (әкімшілік-құқық бұзушылық және әкімшілік рәсімдік-процестік) құқық салаларын қамтыған толық циклдің соңғы кезеңі болды.
Референдиат курстарының мақсаты – судья лауазымына үміткерлерді біліктілік емтиханынан өтуге жан-жақты даярлау.
Оқытуға еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген 80 шақты қатысушы – адвокаттар, заңгерлер, нотариустар, заң кеңесшілері, сондай-ақ полиция, прокуратура, сот жүйесі мен өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушыларға оқытуды сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табыс етілді.
Курстар қатысушылардың жоғары қызығушылығын тудырды. Дәрістердің практикалық бағыттылығы, талқыланған тақырыптардың өзектілігі мен олардың судья болуға үміткерлердің кәсіби даярлығы үшін маңыздылығы атап өтілді.
Жоғары Сот Кеңесі Дмитрий Малаховтың басшылығымен сот жүйесінің кадрлық саясатын жүйелі түрде нығайтып келеді.
Референдиаттарға арналған курстарды іске асыру – 2025–2027 жылдарға арналған Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасы аясында болашақ судьяларды кәсіби даярлаудың сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.