
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінде кезекті аппараттық отырыс өтті.
Отырысқа Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Кеңес Аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында 2019–2024 жылдар аралығындағы Сот жюриінің тәртіптік тәжірибесіне жүргізілген талдаудың нәтижелері таныстырылды. Талдау көрсеткендей, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі жұмыс істеген кезең ішінде тәртіптік істерді қараудың бірыңғай тәжірибесі қалыптасты. Бұл тәжірибе бір жағынан — судьялардың өз міндеттеріне адал қарамау фактілеріне уақтылы және тиімді әрекет етуге, екінші жағынан — тәртіптік іс жүргізуді негізсіз бастау жағдайларында судьялардың тәуелсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында отырыста Жоғары Сот Кеңесі мен оның Аппаратының қызметін цифрландыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың аралық нәтижелері таныстырылды.
Төраға Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша соңғы алты айда IT-инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды: жаңа компьютерлер, серверлік және желілік жабдықтар сатып алынды, лицензиялық бағдарламалық қамтылым жаңартылды, деректерді қорғау мен киберқауіпсіздіктің заманауи технологиялары енгізілді.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов атап өткендей, цифрландыру бағыты – жай ғана технологиялық үрдіс емес, Президент белгілеген міндеттерге сай тиімді, ашық әрі әділ сот төрелігін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік стратегияның бір бөлігі болып табылады.
«Кеңес өз Аппараты мен Сот төрелігі академиясын біріктіретін, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың барлық стандарттарына сай келетін заманауи цифрлық экожүйе құру жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыратын болады», — деді Кеңес Төрағасы.
Отырыс қорытындысы бойынша Төраға Дмитрий Малахов Кеңестің жұмысын жетілдіруге және қойылған міндеттердің тиімді орындалуына бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.