Судьяларды халықаралық тәжірибе арқылы даярлауды жетілдіру

Судьяларды халықаралық тәжірибе арқылы даярлауды жетілдіру

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының аудандық соттардың төрағаларына арналған қайта даярлау курстары аясында Германияның Фридрих Эберт атындағы қорымен бірлесіп «Адам құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғаудың халықаралық-құқықтық тетіктері: шарттық органдар жүйесіндегі рөлі» тақырыбында семинар өтті.

Семинарға Фридрих Эберт қорының Астанадағы өкілдігінің басшысы Зауреш Шутова мен заң ғылымдарының кандидаты Анара Ибраева қатысып, негізгі халықаралық құжаттармен, БҰҰ комитеттерінің Қазақстанға арналған ұсынымдарымен және халықаралық стандарттарды ұлттық сот тәжірибесіне енгізу мысалдарымен таныстырды.

Қатысушылар сондай-ақ мемлекеттік органдардың халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылы және жеке шағымдарды қарау мәселелерін талқылады, ал жекелеген сессиялар сот төрағаларының коммуникативтік және көшбасшылық дағдыларын дамытуға арналды.

Мұндай семинарлар судьялардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге, халықаралық құқықтық тетіктерді терең түсінуге және судьялар корпусын даярлау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Бұл — Жоғары Сот Кеңесі мен Сот төрелігі академиясының заманауи оқыту тәсілдерін дамыту және құқық қолдану сапасын арттыру бойынша дәйекті жұмысының бір бөлігі.