Судьялардың ауыстырылмауы – заң үстемдігін және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін қамтамасыз ететін негізгі тетіктердің бірі.
Бұл қағидат судьяның тәуелсіздігімен, дербестігімен және кәсіби жауапкершілігімен тығыз байланысты.
Оның мәні – заңда белгіленген тәртіппен тағайындалған (немесе сайланған) судья өз өкілеттіктерін белгісіз мерзімге атқаруға құқылы және негізсіз босатылудан, ауыстырылудан немесе қызметінен шеттетілуден қорғалады.
Өкілеттіктер тек заңда тікелей көзделген негіздер мен рәсімдер бойынша ғана тоқтатылады.
Қазақстан Республикасында судьялардың ауыстырылмау принципі:
• Конституциямен бекітілген – 79-бапта соттар тұрақты судьялардан тұратыны, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалатыны айқындалған;
• «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда судья өкілеттігін тоқтатудың негіздері мен кепілдіктері егжей-тегжейлі көрсетілген.
Судьяларды тағайындау тәртібі де нақты айқындалған:
• Жоғарғы Соттың судьяларын Сенат Президенттің ұсынуы бойынша, ол өз кезегінде Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымына сүйене отырып сайлайды;
• Жергілікті және өзге соттардың судьяларын Президент Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде тағайындайды.
Судьяның ауыстырылмау принципі ол тағайындалған сәттен бастап күшіне енеді және белгісіз мерзімге қолданылады.
Мерзім тек соттар мен алқалардың төрағаларына қатысты белгіленеді – 5 жыл, алайда олар судья ретінде қызметін жалғастыру құқығын сақтайды.
Судьяны басқа сотқа ауыстыру оның келісімімен, конкурс нәтижесі бойынша, сотты қайта ұйымдастыру кезінде немесе кәсіби қызметін бағалау қорытындысымен ғана жүзеге асырылады.
Өкілеттікті тоқтату туралы шешімдер тек заңмен белгіленген тәртіпте қабылданады, бұл кез келген ерікті араласуды болдырмайды.
Ауыстырылмау принципі - судьяның артықшылығы емес, барлық азаматтар үшін әділдіктің кепілі. Осы қағидатты сақтау арқылы ғана тәуелсіз сот төрелігі, бейтараптық және адам құқықтарын қорғау қамтамасыз етіледі.
ҚР ЖСК Баспасөз қызметі