Әңгіме сот білімін дамытудың жаңа бағыттарына және Сот төрелігі академиясының Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілгеннен кейінгі жұмысының нәтижелеріне арналды.
Сұхбат барысында Аида Қайжақпарова Академияның Кеңес қарамағына берілуі судья кадрларын даярлау сапасын арттырудағы маңызды кезең болғанын атап өтті.
«Академияны Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беру судья кадрларын даярлау тәсілдерін жетілдіруде стратегиялық қадамдар қабылдаудың бастамасы болды. Бүгінгі таңда Академия ғылым, практика және инновациялар бірігетін заманауи орталыққа айналуда. Мұның бәрі Мемлекет басшысының кәсіби және тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», — деп атап өтті ол.
Аида Қайжақпарованың айтуынша, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен Академия дамуға жаңа серпін алды. Оқытудың тәсілдері қайта қаралды, заманауи білім беру технологиялары енгізілуде, бағдарламалардың практикалық бағыттылығы күшейтілуде, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтері белсенді пайдаланылуда.
Ағымдағы жетістіктер туралы айта келе, спикер үш жылға есептелген Сот төрелігі академиясының даму тұжырымдамасын қабылдау маңызды қадам болғанын атап өтті. Іс-шаралардың жартысынан көбі жүзеге асырылды. Негізгі нәтижелердің қатарына ғылыми-педагогикалық магистратураны ашу, докторантураны іске қосу, ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу алу жатады.
Аида Қайжақпарова оқуға деген қызығушылықтың артуына ерекше назар аударды: биыл академияға түсуге 600-ден астам өтініш берілді. Оқыту гранттық және ақылы негізде жүзеге асырылады.
Сөз соңында ол Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы бүгінде судья кадрларын даярлауды жүзеге асыратын елдің жалғыз жоғары оқу орны болып қала беретінін және Қазақстанның сот жүйесін кәсіби және ғылыми дамытудың заманауи орталығы ретіндегі өз ұстанымын нығайтатынын атап өтті.
ҚР ЖСК Баспасөз қызметі