Судьяларды даярлаудың жаңа кезеңі: сот төрағаларына арналған курстар басталды

Судьяларды даярлаудың жаңа кезеңі:  сот төрағаларына арналған курстар басталды

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында алғаш рет сот төрағаларының лауазымдарына тағайындалған судьяларды қайта даярлау курстары басталды.

Кеңес Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша Академия аудандық соттар басшыларының басқарушылық, стратегиялық және жеке құзыреттерін дамытуға бағытталған бағдарлама әзірледі. Мұндай курстарды іске асыру судья кадрларын даярлау жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңіне жол ашуда.

Оқыту аралас форматта-қашықтықтан Академия платформасында және Астанада Кеңес пен Сот төрелігі академиясының базасында өтеді. Оған еліміздің барлық өңірлерінен аудандық соттардың отыздан астам төрағасы қатысуда.

Кездесуде Дмитрий Малахов сот жүйесі жұмысының тиімділігі мен қоғамның сот төрелігіне деген сенімі сот басшыларының кәсібилігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол курстарды өткізу Мемлекет басшысының судья кадрларын даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыратынын атап өтті.

Оқытуға жетекші отандық заңгерлер, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Кеңес Аппаратының қызметкерлері, Жоғарғы Сот судьялары және шетелдік сарапшылар тартылды. Тәжірибеге бағытталған оқыту форматы қатысушыларға соттарды тиімді басқару үшін қажетті басқару және стратегиялық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама барысында сот қызметін тиімді басқару, судьялық әдеп, тәртіптік жауапкершілік, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, сот ісін жүргізуді цифрландыру және қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайту мәселелері талқыланады.

Курстың ұйымдастырылуы Жоғары Сот Кеңесінің судья кадрларын даярлау жұмысына көзқарасын үнемі жаңартып, жетілдіруге ұмтылысын растап, бұл жүйені дамытудағы кезекті қадам болып табылады.

ҚР ЖСК Баспасөз қызметі