Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен Сот төрелігі академиясында алғаш рет мемлекеттік аттестация жүргізілді.
Аттестацияны құрамына уәкілетті органның өкілдері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ғылыми және кәсіби қауымдастықтың беделді өкілдері кірген тәуелсіз Комиссия жүзеге асырды.
Аттестация барысында Академия қызметінің барлық бағыттары — білім беру бағдарламалары мен кадрлық әлеуеттен бастап ғылыми зерттеулер мен материалдық-техникалық базаға дейін жан-жақты зерделенді.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Аттестациялық комиссия мүшелеріне арнаған сөзінде былай деді:
«Қысқа мерзімге қарамастан, сіздер Академия қызметіне жан-жақты және терең талдау жүргіздіңіздер, барлық бағыттағы жұмысын, құжаттамасын зерттеп, негізгі үдерістерге егжей-тегжейлі баға бердіңіздер. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарына қойылатын барлық талаптар Академия тарапынан толық орындалуда. Аттестациялық комиссия ұсынған ұсынымдар – мазмұнды әрі маңызды. Бұл ұсынымдар Академияда қаралып, алдағы жұмыста іске асырылуы тиіс».
Комиссияның жұмысы нәтижесінде Академияның белгіленген мемлекеттік стандарттарға толық сәйкес келетіні расталды. Сонымен қатар білім беру үдерісі мен ғылыми қызметтің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны атап өтілді.
Аттестациялық комиссияның төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Арстан Ахпанов:
«Академия жоғары кәсіби деңгейін, оқытудың заманауи тәсілдерін және ғылыми бағыттағы жүйелі дамуын көрсетті. Әсіресе терең білімі мен практикалық тәжірибесін үйлестіре білген оқытушылар құрамы ерекше әсер қалдырды» - деп атап өтті.
Ведомстволық бағыныстылық өзгерген сәттен бастап Академия тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді: ғылыми-әдістемелік база нығайтылды, заманауи білім беру бағдарламалары енгізілді, халықаралық ынтымақтастық кеңейді.
Қол жеткізілген нәтижелер Жоғары Сот Кеңесінің стратегиялық басшылығы мен тұрақты қолдауының арқасында мүмкін болды. Кеңестің белсенді қатысуымен сот жүйесінің кадрлық әлеуетін дамыту және нығайту бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылуда.
Аттестация қорытындылары Академияның Қазақстанның сот жүйесі үшін кадрлар даярлайтын жетекші мамандандырылған білім беру және ғылыми мекеме ретіндегі жоғары мәртебесін растады.