Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов бастаған делегация Жаңа Өзбекстанда жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.
Іс-шараны Өзбекстан Республикасының Жоғары судьялар кеңесі мен Сот төрелігі академиясы ұйымдастырды. Конференцияға халықаралық ұйымдардың сарапшылары, сот органдарының өкілдері мен басшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Түркия, Ресей, Франция, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстанның мамандандырылған оқу орындарының өкілдері қатысты.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов өзінің алғы сөзінде:
«Қазақстан мен Өзбекстан кәсіби судьялар корпусын қалыптастыруға, білім беру бағдарламаларын дамытуға және тәлімгерлік жүйесін енгізуге ерекше көңіл бөліп, ұқсас бағытта дамып келеді. Бұл ұқсас ұстанымдар тәжірибе алмасу мен бірлескен бастамаларға кең мүмкіндік ашады, қоғамның сот төрелігіне деген сенімін нығайтады және сот институттарының тиімділігін арттырады» - деп атап өтті.
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева Кеңестің қызметі туралы айтып, ашықтық, айқындық және объективтілік қағидаттарына негізделген жаңа конкурс өткізу тәсілдерінің енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, ол үміткерлермен кері байланысты кеңейту және рәсімдерді цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қанат Мусин заманауи оқыту әдістері, тәжірибеге бағытталған бағдарламалар мен тәлімгерлік жүйесін енгізу, сондай-ақ Академияның Кеңес құрылымына берілуінен кейін жүзеге асырылған реформалардың алғашқы нәтижелері туралы баяндады.
Қазақстандық делегация мазмұнды конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырып және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Жоғары судьялар кеңесінің Төрағасы Холмумин Ёдгоровқа ризашылық білдірді.
Жоғары Сот Кеңесінің осындай іс-шараларға қатысуы халықаралық байланыстарды нығайтуға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және судьяларды даярлау мен іріктеу саласында озық тәжірибе алмасуға ықпал етеді.