Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов бастаған делегация Өзбекстан Республикасының Сот төрелігі академиясының ашылу салтанатына қатысты.
Іс-шараға халықаралық сарапшылар, сот органдарының басшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Түркия, Ресей, Франция, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстанның арнайы білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Шарада Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов құттықтау сөз сөйледі. Ол Сот төрелігі академиясын құрудың маңыздылығын атап өтіп, екі елдің оқу орталықтарының ортақ міндеттерін айқындады:
«Сот төрелігі академиясының құрылуы кәсіби кадрларды даярлаудағы маңызды қадам болды. Қазақстанның тәжірибесі судьялар корпусын қалыптастыруда мамандандырылған орталықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетуді. Біздің академиялар арасындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасуға және бірлескен дамуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз»,- деп атап өтті.
Іс-шарада негізгі орын алған оқиға, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы мен Өзбекстан Республикасының Сот төрелігі академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды.
Құжат бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруды, тәжірибе алмасуды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қанат Мусин:
«Меморандумға қол қою біздің академиялар арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалайды. Бұл судьялардың біліктілігін арттыруға, оқытудың инновациялық әдістерін енгізуге және ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті.
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, серіктестік байланыстарды дамытып, сот жүйесі саласында озық тәжірибе алмасуға ықпал етуде.