Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының дамыту Тұжырымдамасын іске асыру туралы

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының дамыту Тұжырымдамасын іске асыру туралы

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясында ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қанат Мусин мен ҚР Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының Сот оқуы және біліктілік емтиханын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Аида Қайжақпарова Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының дамыту Тұжырымдамасын іске асыру туралы баяндама жасады.

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы – ерекше мәртебесі бар, судьялыққа кандидаттарды даярлауды, қызметтегі судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны.

2025 жылғы 11 ақпанда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың өкімімен 2025–2027 жылдарға арналған Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Онда жаңғыртудың алты стратегиялық бағыты айқындалды: жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру, қосымша білім беруді дамыту, ғылыми қызметті жандандыру, кадр саясатына жаңа тәсілдерді енгізу, материалдық-техникалық базаны жақсарту, академияның оң имиджін нығайту.Тұжырымдаманы іске асырудың жеті айында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бейіндік және ғылыми-педагогикалық магистратура бойынша жаңа оқу жоспарлары бекітілді, алғаш рет ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша оқуға қабылдау жүргізілді. 2025 жылғы 4 маусымда академия «Құқық» бағыты бойынша докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыруға мемлекеттік лицензия алды. Докторантураға оқуға қабылдау басталды, ал оқыту осы жылдың қараша айында басталады деп жоспарлануда.

Қосымша білім беру аясында судьялардың біліктілігін арттырудың дараланған бағдарламалары енгізілді, алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізу және азаматтық істерде ар-намысты қорғау мәселелері бойынша мамандандырылған курстар өткізілді. Алғаш рет судьялыққа кандидаттарды тереңдетілген даярлауға бағытталған референдиат институты енгізілді. Оның шеңберінде азаматтық және қылмыстық құқық бойынша екі ағымнан тұратын интенсивті курстар өтті.

Ғылыми қызметті дамыту Академия жұмысының маңызды нәтижесіне айналды. 2025 жылғы 10 сәуірде Академия ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредитациядан өтіп, гранттық жобаларға қатысуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік алды. 2025 жылғы 14 шілдеде «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» ғылыми журналы ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің ұсынылатын басылымдар тізіміне енгізілді, халықаралық идентификатор берілді және жаңа сайт құрылды. Бұл оның құқық және сот практикасы саласындағы беделді жарияланым алаңы ретіндегі мәртебесін арттырды.

Тамыз айындағы басты оқиғалардың бірі – магистратураға қабылдау науқаны болды. Ол 2025 жылғы 21 ақпанда бекітілген жаңа ережелерге сәйкес жүргізілді және алғаш рет ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша оқуға қабылдауды қамтыды. Жыл басынан бері Академия Жоғары Сот Кеңесінің үйлестіруімен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстар жүргізді. Ол тікелей эфирлерді, кездесулерді, семинарларды және медиакеңістіктегі белсенді жұмысты қамтыды.

Қабылдау рәсімдеріне алғаш рет Кеңес өкілдері, судьялық және адвокаттық қауымдастық, сондай-ақ ғылыми орта өкілдері қатысқан кеңейтілген комиссиялар тартылды. Бұл жұмыстың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етті. Құжат қабылдау 1 маусымнан 29 шілдеге дейін жүргізілді, барлығы 605 өтініш түсті, конкурс бір орынға 10-нан астам адамды құрады.

Қабылдау емтихандары үш кезеңнен тұрды: кешенді тестілеу, кейс тапсырмаларын шешу және эссе жазу. Нәтижесінде магистратураға 98 адам қабылданды, оның ішінде 60-ы мемлекеттік грант негізінде. Бұл оқуға деген тұрақты қызығушылықты және талапкерлердің жоғары дайындық деңгейін көрсетеді.