«Almaty TV» телеарнасының эфирінде Жоғары Сот Кеңесінің кассациялық соттарға судьяларды іріктеу және судьяларды іріктеу жүйесіндегі жаңашылдықтары бойынша қызметіне арналған сюжет жарық көрді.
Кассациялық соттарға заңнамада көзделген қатаң талаптарға сай тәжірибелі әрі кәсіби мамандарды іріктеу қажеттілігі туралы мәселені Мемлекет басшысы 2024 жылғы 14 қазанда өткен ІХ судьялар съезінде атап өткен болатын.
Сюжетте Кеңестің кассациялық соттарға кандидаттарды іріктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізгені айтылды. Бірінші және апелляциялық саты соттарында көп жылғы тәжірибесі бар, ең білікті судьялар кең өңірлік өкілдікті қамтамасыз ете отырып ұсынылды. Сонымен қатар, Президенттің кассациялық соттарды қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы толық әрі белгіленген мерзімде орындалып – 2025 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі үш кассациялық соттың жұмыс істей бастағаны атап өтілді.
Сонымен қатар, соттарды кадрлық қамтамасыз ету тәсілдеріндегі өзгерістерге де айрықша назар аударылды.
Атап айтқанда, судья лауазымына алғаш рет үміткер болып отырған кандидаттар үшін біліктілік емтиханынан өту мерзімі бір жарым жылдан үш айға дейін қысқартылды, сонымен бірге талаптар айтарлықтай күшейтілді – қылмыстық кірістерді заңдастыруға, есірткі бизнесіне, құмар ойындарға және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерге қатыстылығын анықтау мақсатында құқық қорғау және арнайы органдардың дерекқорлары бойынша қосымша тексерулер енгізілді.
Нәтижесінде, егер бұрын үміткерлердің шамамен 50%-ы емтиханды сәтті тапсыратын болса, бүгінде бұл көрсеткіш небәрі 20%-ды құрап отыр. Бұл өз кезегінде іріктеу сапасының артқанын білдіреді.
Сонымен бірге, судьялардың бос лауазымдарын уақтылы толықтыру үшін Кеңес конкурстар санын жылына 2-ден 6-ға дейін арттырды, алайда талаптардың жоғары деңгейін сақтап қалды. Мұндай тәсіл бос орындарды жедел толтыруға ғана емес, ең лайықты кандидаттарды сапалы түрде іріктеуге мүмкіндік береді.
Сюжет соңында Кеңестің қызметі ашықтыққа, қоғам сенімін нығайтуға және сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталғандығы атап өтілді.