Бұдан бұрын хабарлағандай, Сот төрелігі академиясы Жоғары Сот Кеңесінің стратегиялық қолдауы арқасында докторантура бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға алғаш рет мемлекеттік лицензия алды.
Осыған байланысты ағымдағы жылдың 20 тамызынан бастап докторантураға құжаттар қабылдау басталатынын хабарлаймыз.
Оқыту ғылыми-педагогикалық және бейіндік екі бағыт бойынша жүргізіледі: бағдарламаны меңгеру мерзімі 3 жыл.
Докторантураның ашылуы мен құжаттарды қабылдаудың басталуы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың қолдауы мен шешуші рөлінің арқасында мүмкін болды. Бұл ресми түрде ізденушілерді іріктеу процесін бастауға жол ашты.
Маңыздысы, докторантураға қабылдануға қызметтегі судьялар да, сондай-ақ «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары да үміткер бола алады.
Сот төрелігі Академиясының докторантурасы – бұл тек беделді академиялық деңгей ғана емес, сонымен бірге сот төрелігінің өзекті мәселелерін терең зерттеу, үздік тәжірибелерге, сарапшылар қауымдастығына және ғылыми қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама.
Докторантура бағдарламасы болашақ зерттеушілерді дайындауға, сондай-ақ оқу қорытындысы бойынша терең теориялық білім алып, алған құзыреттерін сот төрелігін жүзеге асыру тәжірибесінде қолдана алатын қызметтегі судьяларға бағытталған.
Бағдарлама түлектері болашақта Сот білімін дамытуға елеулі үлес қосып, жаңа буын судьяларына тәлімгер болуға, сондай-ақ судья кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін қалыптастыруға белсенді қатыса алады.
Құқықтық салада ғылыми ізденіс пен көшбасшылыққа дайын ынталы, мақсатты ізденушілерді ұлттық сот төрелігін дамытудың жаңа кезеңінің бір бөлігі болуға шақырамыз.