Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдау барысында сот істеріне қатысты нақты өтініштермен қатар, сот жүйесінің жұмысындағы жүйелік мәселелер де қаралды.
Өтініш білдірушілердің көтерген тақырыптары ауқымды — шығарылған сот актілеріне келіспеуден бастап, судьяларды іс жүргізу ережелерін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуға дейін.
Кеңес Төрағасы өз құзыреті шеңберінде сот шешімдеріне шағымдану тәртібі мен судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізу рәсімдері туралы жан-жақты түсіндірме беріп, Жоғары Сот Кеңесі соттар мен судьялардың әділ сот төрелігін жүзеге асыру қызметіне араласпау қағидатын қатаң сақтайтынын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ қабылдауға судьялар да қатысты, олар судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесін жетілдіру, соттардың тиімділігін арттыру, конкурстық рәсімдерді жаңғырту және судьялардың мансаптық мүмкіндіктерін дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді.
Бұдан бөлек, Дмитрий Малахов Сот төрелігі академиясының түлектерін қабылдап, жас мамандардың заң үстемдігін нығайтуға, сот төрелігінің сапасын арттыруға және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге елеулі үлес қосуы тиіс екенін атап өтті.
Төраға қатысушылардың сот жүйесін дамытуға деген белсенді ұстанымы мен қызығушылығы үшін алғыс айтып, аталған бастамалар мен ұсыныстардың талданып, Кеңестің алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасының азаматтарды жеке қабылдауы алдын ала жазылу арқылы күн сайын өткізіледі.