Презентация Германиядағы Еуропалық құқықтық зерттеулер институтының және ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қолдауымен өтті.
Іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық Соттың, Орталық сайлау комиссиясының, Сот әкімшілігінің өкілдері, судьялар қауымдастығы, жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ Германия мен Польшадан келген шетелдік сарапшылар қатысты.
Жоғары Сот Кеңесі атынан Кеңес мүшелері Ерлан Айтжанов пен Салтанат Жүнісбекова және Кеңес Аппараты басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева қатысып, соттардың тәуелсіздігін институционалдық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді.
Монографияда сот тәуелсіздігінің негізгі қырлары салыстырмалы құқықтық тұрғыда талданған. Екі елдің сот жүйелерінде қолданылатын құқықтық тетіктер, институционалдық кепілдіктер мен тәжірибеде туындайтын қиындықтар жан-жақты сипатталған. Еңбектің ерекшелігі — ғылыми тереңдік пен сот шындығын идеализациясыз не орынсыз сынсыз, шынайы әрі объективті пайымдау.
Таныстырылым кәсіби пікір алмасуға арналған ашық алаңға айналды. Қатысушылардың баяндамаларында теориялық және практикалық мәселелер кеңінен қозғалып, ғылыми және заңгерлік қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Бұл кітаптың судьялар, жоғары оқу орындарының студенттері, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары, заңгерлер, сондай-ақ сот жүйесін реформалауға атсалысып жүрген азаматтар үшін өзектілігі атап өтілді.
Еңбек құқықтық ғылым мен әділет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосылған маңызды үлес ретінде бағаланды.
ҚР ЖСК Баспасөз қызметі