Жоғары Сот Кеңесі кадр резервін қалыптастырудың келесі кезеңіне өтуде.
2025 жылғы 18 шілдеден бастап жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына кадр резервіне тұру үшін құжаттар қабылдаудың жаңа кезеңін бастайды.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына арналған кадр резервін қалыптастыру тәртібі жетілдірілді. Іріктеу мерзімдері рәсімдерді оңтайландыру мен үміткерлердің кәсіби және ұйымдастырушылық қабілеттерін бағалаудың нақты, ашық шарттарын енгізу есебінен едәуір қысқартылды.
Іріктеу процесінің ашықтығын, әділеттілігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бұл азаматтық және заңгерлік қауымдастықтар арасында қабылданатын кадрлық шешімдерге деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Енді іріктеу жылына кемінде екі рет өткізіліп, бірнеше ай ішінде аяқталады, ал бұрын бұл процесс екі жылға дейін созылатын.
Жаңартылған тәсіл кадр резервіне практикалық маңыз берді — ол қызметтегі судьялар үшін мансаптық өсуге арналған нақты құралға айналды.
Судьялық кадр резервінің әлеуетін барынша тиімді пайдалану мақсатында резерв құрамындағы тұлғалар жоғары тұрған және басшы лауазымдарға жарияланатын конкурстарда басымдыққа ие.
Осыған байланысты, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен биыл өткізілген конкурстар мен іріктеулердің нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында кадр резервінен 30-дан астам судья жоғары тұрған және басшы лауазымдарға тағайындалды. Ал алдыңғы екі жылда жалпы саны 30-ға жетпейтін судья ғана тағайындалған болатын, бұл кадр резервін қалыптастырудың жаңартылған тәсілдерінің тиімділігін айғақтайды.
Кадр резервіне сот төрелігін жүзеге асыру сапасы бойынша жоғары көрсеткіштері бар, мінсіз беделі мен ұйымдастырушылық қабілеттері бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін қызметтегі судьялар қабылданады.
Кадр резерві мынадай лауазымдарға қалыптастырылады:
Кадр резервіне қабылдау мәселесін қарау үшін судья Жоғары Сот Кеңесіне ЭЦҚ арқылы ИС «Төрелік» жүйесі арқылы электрондық форматта өтініш жолдайды.
Өтініш Комиссия Төрағасының атына жазылады және судьяның аты-жөні, лауазымы, байланыс нөмірі мен өтініш берілген күні көрсетілуі тиіс.
Жұмыс көрсеткіштері, тәртіптік жауапкершілікке тартылуы, судья әрекеттеріне қатысты шағымдар, жоғары тұрған сот инстанцияларының ескертпе-хаттары және облыстық соттардың жалпы отырыстарында қаралған мәселелер (қысқаша мазмұны, қарау нәтижесі және қабылданған шаралар көрсетілуі тиіс) туралы мәліметтерді Комиссия облыстық соттардан өздігінен сұратады.
Барлық ұсынылатын құжаттарда қолтаңба мен құжат жасалған немесе бекітілген күн болуы тиіс, қажет болған жағдайда тіркеу нөмірі мен күні де көрсетілуі керек.
Өтініштер мен жоғарыда көрсетілген құжаттар 2025 жылғы 1 тамызға дейін (қоса алғанда) ұсынылуы тиіс.
Толық ақпарат Жоғары Сот Кеңесінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған.