«24KZ» телеарнасындағы «По закону» бағдарламасының кезекті шығарылымы Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қызметіне және сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға арналды.
Бағдарламада судьялар корпусының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған Кеңес жұмысының негізгі бағыттары талқыланды.
Атап айтқанда, судьяларды іріктеу рәсімдеріндегі өзгерістерге ерекше назар аударылды. Процедураларды жаңғырту аясында Кеңес біліктілік емтихандары мен конкурстық кезеңдердің жиілігін едәуір арттырды. Кеңес Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасымен іріктеу тәсілдері жаңартылып, үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді, бағалаудың объективті және ашық критерийлері енгізілді. Бұл шаралардың барлығы сот бос орындарын сапалы және уақтылы толықтыруға және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар судьяларды даярлау жүйесі жетілдірілуде. Кеңес Төрағасы Дмитрий Малаховтың тікелей бастамасымен алғаш рет 2025–2027 жылдарға арналған Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат судьяларды оқыту мен ғылыми қызметті жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындайды.
Тұжырымдама аясында ғылыми-педагогикалық магистратура ашылды, қызметтегі судьяларға арналған жекелендірілген курстар енгізілді. Академия докторантура ашуға лицензиялар алды, ал «Академия хабаршысы» ғылыми журналы – Ғылым және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдар тізіміне енді.
Бағдарламада судьялар корпусының тәуелсіздігін нығайтуда Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриінің ерекше рөл атқаратыны да атап өтілді. Бұл органның қызметі негізсіз ықпалдан қорғауға және тәртіптік жауапкершілік мәселелерін әділ қарауды қамтамасыз етуге бағытталған. Ол реформалардың маңызды құрамдас бөлігіне айналып, сот жүйесіне деген сенімді арттыруға және тәуелсіздік кепілдіктерін нығайтуға ықпал етуде.
Жоғары Сот Кеңесінің дәйекті реформалар жүргізуі судьялар корпусын қалыптастыруда ашықтық, кәсібилік және жариялылық қағидаттарына бағытталғаны екенін дәлелдейді.