
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің бастамасымен Сот Төрелігі академиясы «Кассациялық соттарды қалыптастырудың институционалдық және процессуалдық аспектілері: сын-қатерлер және оларды еңсеру жолдары» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан сот реформасының негізгі бағыттарының бірі – кассациялық соттарды қалыптастыру мәселесін талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды. Дөңгелек үстел жұмысына 200-ден астам құқық және сот жүйесі саласындағы мамандар мен сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың судьялары, прокуратура, сот әкімшілігінің қызметкерлері, ғылыми орта мен адвокатура өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы және Германиядан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Жаңа соттарды кадрлық жасақтау ісінде Жоғары Сот Кеңесінің бірегей және теңдессіз рөліне ерекше назар аударылды. Бұл ретте халықаралық стандарттарға сай ашық, айқын және объективті іріктеу тәсілі қолданылды.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов алғы сөз сөйлеп, келесіні атап өтті: «Кеңес тек қана іріктеу жұмыстарын жүргізген жоқ — біз судьялар корпусының сапасына жаңа стандарт орнаттық. Кандидаттар кәсіби және этикалық тұрғыдан қатаң іріктеуден өтіп, жаңа инстанцияға деген сенімнің берік іргетасы қаланды».
Іс-шара қатысушыларының басты назарында кассацияның құқықтық табиғаты, процессуалдық тетіктері және Қазақстанның жағдайына бейімделуге болатын үздік шетелдік тәжірибелер болды.
Сарапшылар Жоғары Сот Кеңесінің елдегі сот жүйесіндегі түбегейлі өзгерістердің тұрақтылығы, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін бірегей институт ретіндегі рөлін атап өтті. Талқылау қорытындысы бойынша нормативтік базаны жетілдіруге, іріктеу рәсімдерін жақсартуға және кассациялық соттардың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Кеңес судьяларды іріктеудің жаңа — ашық, әділ және қоғам сеніміне негізделген — тәсілін қалыптастыруды жалғастыруда.