Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратура түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шара Академия тарихындағы маңызды кезеңге айналды – бұл оның реформаланып, Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына өтуінен кейінгі алғашқы түлектері.
Салтанатты рәсімге Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Кеңес Аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Биыл «Сот және сот төрелігі» білім беру бағдарламасы бойынша 97 магистрант оқуды сәтті аяқтады.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов құттықтау сөз сөйледі. Ол магистратураны бітіру – үлкен табандылық пен жауапкершілікті талап ететін кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Оның айтуынша, түлектердің алған білімдері мен дағдылары – олардың әрі қарай дамуы мен заң мен әділетке қызмет етуіне берік негіз болады. Төраға түлектердің болашақта объективтілік, адалдық және заңдылық қағидаттарына сүйене отырып, құқықтық тәртіпті нығайтуға және еліміздің сот жүйесін дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Түлектерге құттықтауларын Кеңес мүшесі Ернар Бегалиев, Кеңес Аппаратының Басшысы Даурен Муратбеков, Кеңес Аппараты Басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева және Академияның проректоры Қанат Мусин де жолдады. Олар өз сөздерінде магистратураны аяқтау – бұл үлкен еңбектің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар кәсіби өсу мен тұлғалық дамуға жол ашатын жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті.
Салтанатты рәсім аясында Академияның судья-оқытушылары – Р.Х. Нұрмұханова, Р.М. Ертаева, Р.Н. Қарағаев және А.И. Дүйсебаев сот жүйесі үшін кадрлар даярлауға сіңірген еңбектері мен адалдығы үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Академияның қоғамдық, ғылыми және спорттық өміріне белсенді атсалысқан магистранттар алғыс хаттармен атап өтілді.
Түлектер атынан сөз сөйлеген Меруерт Әлменова мен Мақсат Айсин Кеңеске және Академияның профессорлық-оқытушылық құрамына өз ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара соңында кеш жүргізушілері түлектерге Сот төрелігі академиясының түлегі деген атақты абыроймен алып жүруді және Қазақстан Республикасының сот билігін нығайтуға өз үлестерін қосуды тіледі.