2024 жылғы 27 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен Астана қаласында үш кассациялық сот құрылып, олар 2025 жылғы 1 шілдеден бастап өз жұмысын бастайды.
Аталған Жарлықты жүзеге асыру мақсатында Кеңес отырысында 2025 жылғы 22 қаңтардағы конкурс қорытындылары қаралды.
Конкурс нәтижесі бойынша 75 үміткерге кассациялық соттардың судьясы лауазымына тағайындау үшін Жоғары Сот Кеңесінің оң қорытындысы берілді.
«Кеңес кассациялық соттардың судьяларын іріктеу бойынша тыңғылықты, мұқият жұмыс жүргізді. Барлық үміткерлер жан-жақты іріктеуден өтіп, нәтижесінде бұл лауазымға лайықсыз кандидаттың тағайындалуына жол берілмеді. Әр үміткерге қатысты барлық деректер зерделенді. Конкурсқа қатысу үшін заңда белгіленген барлық іріктеу талаптарымен қатар, кассациялық соттардың судьялары лауазымына үміткерлерді судьялар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдері де қарастырды», – деп атап өтті Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов.
Конкурстық іріктеу нәтижесінде судья лауазымына тағайындау үшін ұсынылған үміткерлер туралы мәліметтер Кеңестің ресми YouTube-арнасында өткен отырыстың онлайн-көрсетілімі барысында жария етілді және интернет-ресурсында орналастырылды.
Сондай-ақ отырыста жоғары тұрған және басшылық судья лауазымдарына кадр резервін қалыптастырудың кезекті кезеңінің қорытындылары шығарылды.
Кейбір жергілікті соттарды тарату, қайта атау және судьялар санын өзгерту мәселелері қаралды.
Кеңес шешімімен төрт судьяны қызметінен босату ұсынылды: екеуі – орнынан түсіне байланысты, екеуі – өз еркімен.
Бұдан бөлек, кейбір соттардың таратылуына байланысты конкурстан тыс тәртіппен судья лауазымына тағайындауға үш кандидатура қаралды.
Біліктілік комиссиясы, Конкурстық комиссия, Кадр резерві жөніндегі комиссия құрамындағы өзгерістер талқыланып, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің жаңартылған құрамы бекітілді.
Кассациялық соттардың судьялары лауазымына арнайы конкурсқа қатысу құқығын беретін құқық салаларының тізбесі келісілді.
Сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің Регламентіне және жоғары тұрған және басшылық судья лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.
Жоғары Сот Кеңесі қоғам сенімін арттыру және судьялардың оң имиджін қалыптастыру мақсатында судьяларды іріктеу мен тағайындау рәсімдерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, судьялардың тәуелсіздігі мен құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.