Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінде кезекті аппараттық отырыс өтті

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінде кезекті аппараттық отырыс өтті

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінде кезекті аппараттық отырыс өтті. Отырыс барысында Мемлекет Басшысының 2025 жылғы 12 маусымдағы Жарлығымен тағайындалған Кеңестің жаңа мүшелері таныстырылды

Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов Айтжанов Е.Ж., Жүніспекова С.С., Исаева А.С. және Қасабулатов К.Е.-ге Жоғары Сот Кеңесінің төсбелгілерін табыстап, оларды жаңа лауазымға кірісуімен құттықтап, еліміздің сот жүйесін нығайтуға қосатын үлестеріне сенім білдірді. Сонымен қатар, судьяларды іріктеу рәсімінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бойынша басты міндеттерді атап өтіп, кәсібилік, ашықтық пен жауапкершілік Кеңес мүшелерінің жұмысының негізі екенін ерекше назар аударды.

Кеңес Төрағасы Кеңеске келіп түсетін материалдарды сапалы әрі жан-жақты зерделеу қажеттігіне, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің болашақ судьяларға практикалық тәжірибе беру мақсатында Сот төрелігі академиясындағы оқу процесіне белсенді қатысуы қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар, Кеңестің қызметін ашық және жария түрде жүргізу мәселелеріне ерекше мән берілді. Дмитрий Малахов Кеңес жұмысының ақпараттық сүйемелденуінің маңыздылығын, оның ішінде Кеңес мүшелерінің түсіндіру жұмысына және қоғамдық коммуникацияға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, азаматтарды жеке қабылдауларды өткізіп, олардың қойған сұрақтарына жан-жақты әрі толыққанды жауап беру қажеттігіне баса назар аударды.

Отырыс барысында Кеңес Аппараты басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева Кеңестің негізгі қызмет бағыттары бойынша толық ақпарат беріп, соңғы енгізілген жаңашылдықтарға тоқталып өтті. Атап айтқанда, біліктілік емтиханын өткізу тәртібіне енгізілген өзгерістер, бос тұрған судья лауазымдары мен кадр резервіне кандидаттарды іріктеу рәсімдерін оңтайландыру, сондай-ақ осы бағыттар бойынша қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов Кеңес қызметінің тиімділігін арттыруға, судьяларды іріктеу және ілгерілету рәсімдерін жетілдіруге, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді іске асыруға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.