Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов «Конституциялық өзгерістер. Заң және тәртіп» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов «Конституциялық өзгерістер. Заң және тәртіп» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұйымдастырған «Конституциялық өзгерістер. Заң және тәртіп» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Конференция Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң» ұлттық жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – Қазақстандағы конституциялық жаңғыртудың негізгі аспектілерін, олардың елдің саяси-құқықтық жүйесіне әсерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуды талқылау.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Асхат Жұмағали, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, Конституциялық Сот судьясы, конституциялық реформалар жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаев, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, ҚР Президенті жанындағы Конституциялық реформалар жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдрасұлов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Жұмағұлов және басқа да мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференция модераторлары ретінде Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова және Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов сөз сөйледі. Сондай-ақ конференцияда Германия, Италия, Ресей және Өзбекстаннан келген профессорлар, Парламент депутаттары, судьялар, мемлекеттік органдардың, адвокатураның және халықаралық сарапшылардың, танымал қазақстандық ғалымдардың өкілдері қатысып, баяндама жасады.

Өз сөзінде Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі Қазақстан Республикасы Конституциясында айқындалғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда Жоғары Сот Кеңесінің рөлі мен мәртебесі айқын кадрлық өкілеттіктері бар толыққанды институт ретінде күшейтілді – бұл судьяларды іріктеуден бастап, оларды барлық деңгейде тағайындауға ұсынуға дейінгі процесстер, сонымен қатар судья лауазымына кандидаттарды даярлау, біліктілігін арттыру, зейнет жасын ұзарту, өкілеттіктерін тоқтату және уақытша тоқтату мәселелері Кеңестің құзырына берілді. Аудандық соттардың төрағаларын облыстық соттардың кеңейтілген пленарлық отырыстарында сайлау тетіктері енгізілді. 2024 жылдың соңынан бастап Кеңестің ішкі рәсімдері оңтайландырылды, бұл судьяларды сапалы әрі уақытылы іріктеуге және судьялық бос орындарды жедел толықтыруға бағытталған.

Қабылданып жатқан барлық шаралар судьялардың тәуелсіздігі кепілдіктерін одан әрі нығайтуға, судьялық кадрларды іріктеу рәсімдерін жетілдіруге, сондай-ақ кадрлық мәселелерді шешуге жауапты орган ретінде Жоғары Сот Кеңесінің рөлін күшейтуге бағытталған» – деп атап өтті Дмитрий Малахов.

Аталған конференция мемлекеттік билік өкілдері мен отандық және шетелдік ғылыми қауымдастық арасындағы кәсіби диалог үшін бірегей алаң болды.