Сұхбат барысында Лаура Құрмантаева Жоғары Сот Кеңесінің қызметі туралы айтып, оның негізгі бағыттарын атап өтті. Атап айтқанда, біліктілік емтиханын тапсыру тәртібі мен кезеңдері, судья лауазымына үміткерлерді конкурстық іріктеу тәртібі, Кеңес жанындағы Сот төрелігі академиясына түсу ережелері және судья кадр резервіне қабылдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, осы институттарды жетілдіруге бағытталған соңғы жаңашылдықтар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндалды.
Сұхбат барысында ерекше назар Сот жюриі қызметіне аударылды. Аталған органның судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі, сондай-ақ олардың тәртіптік істерін заң талаптарына сай қараудағы рөлі атап өтілді. Спикер Сот жюриінің тиімді жұмысы сот жүйесіне деген сенімді арттырудың маңызды факторы екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Лаура Құрмантаева Кеңес қызметінің ашықтығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Бұл қағидат азаматтардың конкурстар, біліктілік емтихандары және олардың нәтижелері туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Аталған ақпараттар күн сайын Кеңестің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.
Сұхбат соңында Лаура Құрмантаева судьялыққа үміткерлермен жас мамандарға арнап кәсіби дайындықтың, әдеп нормаларын сақтаудың және судья қызметіне тән жоғары жеке жауапкершіліктің маңыздылығына назар аудара отырып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.