Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының ғылыми-білім беру орталығының директоры Ержан Егембердиев «Qazaqstan» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасына қатысты.
Эфир барысында ол «Сот және сот төрелігі» бейінді магистратурасы бойынша білім алуға құжат қабылдау басталғанын хабарлады.
Сот төрелігі академиясы — Қазақстандағы сот жүйесіне мамандар дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны.
Академиядағы оқу үрдісі судьялар корпусына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып құрылған. Бейінді магистратураның білім беру бағдарламасы теориялық және тәжірибеге бағытталған дайындықты қамтиды.
2025 жылдан бастап оқу мүмкіндігі кеңейтілді: енді мемлекеттік білім беру гранты бойынша тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, белгіленген талаптарға сай келетін барлық азаматтар құжат тапсыра алады.
«Заманауи білім беру саясаты мен оқыту технологияларының арқасында соңғы үш жылда Академия оң нәтижелер көрсетіп келеді: түлектерінің 95%-дан астамы біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, судьялыққа үміткер атануда», — деді Ержан Егембердиев.
Құжаттар 2025 жылғы 1 маусымнан 29 шілдеге дейін, жұмыс күндері қабылданады. Өтінішті қолма-қол немесе электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.
Қажетті құжаттар тізімі мен қабылдау шарттары туралы толық ақпарат Сот төрелігі академиясының sta.edu.kz ресми сайтында жарияланған.