Жоғары Сот Кеңесі біліктілік емтиханын тапсыру рәсімдерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, емтихан өткізу жиілігі артты.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап емтиханның алғашқы үш кезеңі – компьютерлік тестілеу, эссе жазу және кейс тапсырмаларын шешу – ай сайын өткізіледі. Ал соңғы кезең – Біліктілік комиссиясының мүшелерімен әңгімелесу – апта сайын жүргізіледі.
Бұл өзгерістердің нәтижесінде үміткер біліктілік емтиханының барлық кезеңінен, оның сапасына нұқсан келтірмей, орта есеппен үш-төрт ай ішінде өте алады.
Сондай-ақ осы жылдың қаңтарынан бастап Біліктілік комиссиясы емтихан қорытындысын шығару бойынша 17 отырыс өткізді. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде небәрі 6 отырыс өткізілген болатын.
Үміткерлерге қойылатын талаптар да қайта қаралды, қосымша тексерулер енгізілді. Барлық тест сұрақтары өзектендіріліп, олардың саны арттырылды.
Еске салайық, біліктілік емтиханын тапсыру үшін құжаттарды қабылдау Кеңес тарапынан тұрақты негізде жүргізіледі. Ол үшін қажетті құжаттарды Жоғары Сот Кеңесінің атына жолдау қажет.
Біліктілік емтиханына дайындалуға арналған барлық қажетті әдістемелік ұсынымдар Кеңестің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерінде орналастырылған.