Жоғары Сот Кеңесі судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады

Жоғары Сот Кеңесі судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуде  негізгі рөл атқарады

Жоғары Сот Кеңесі судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуде  негізгі рөл атқарады.

Осы тапсырмаларды іске асыру үшін Кеңес жанында дербес тәртіптік орган – Сот жюриі құрылған. Ол барлық сот сатыларының судьяларына қатысты тәртіптік істер мен материалдарды қарайды.

Судья тек «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Конституциялық заңында көзделген тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

Теріс қылықтарға:

  1. Сот iстерi мен материалдарын қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзуы;
  2. Судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасауы;
  3. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы жатады.

Бұл ретте Сот жюриімен судьяға қатысты материалдарды қарауға:

  1. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяға қатысты тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша жоғары тұрған соттың ұсынуы;
  2. Судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін судьяларға қатысты Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы немесе судья әдебі жөніндегі комиссияның шешімі;
  3. Сот төрағалары және сот алқаларының төрағаларына қатысты лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы немесе облыстық сот, Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негіз болады.

Сот жюриі судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізуге өздігінен бастамашылық етуге құқығы жоқ.

Судьялардың тәртіптік жауаптылығы мәселелерінде Жоғары Сот Кеңесінің рөлі – Сот жюриінің шешімдеріне келтірілген шағымдарды қарау, ол судьялардың құқықтарын қосымша қорғау болып табылады.

Жоғары Сот Кеңесі қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов азаматтарды күн сайын жеке қабылдайтынын атап өткен жөн. Қабылдау барысында жалпы сипаттағы сұрақтармен қатар, судьялардың тәртіптік жауапкершілігіне қатысты мәселелер де көтеріледі.

Бұл азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған кері байланыстың маңызды тетігі.